«Жетісу облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылу тарихы
«Жетісу облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1976 жылы пайдалануға берілген, арнайы салынған, үлгіге сай төртқабатты ғимаратта орналасқан.
Архив бұрынғы Талдықорған облыстық мемлекеттік архивінің негізінде ұйымдастырылған, яғни оның құқықтық мұрагері болып, Алматы облысы әкімдігінің 2003 жылғы 15 шілдедегі № 65 Қаулысына сәйкес тіркелген.
Ұлттық архив қоры және архивтер туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «мемлекеттік архив» - Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтауға, тұрақты сақтауға және пайдалануға ұйымдастыруға құқық берілген мемлекеттік мекеме.
Архивтің құрылу кезеңі 1944 жылы Талдықорған облысының құрылуымен байланысты болғандықтан, тарихы тереңде, негізгі атқаратын қызмет түрлері және қор құрамы құнды.
АРХИВТІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ЗОР ҮЛЕС ҚОСҚАН БАСШЫЛАР:
А.А.Маслина, Е.Т.Гонтарь, Г.Г.Кузнецов, А.Т.Чиченко, Л.В.Жукова, А.Г.Зарипов, И.Г.Швейцер, Н.И.Сорокина, Е.С.Калинина, Ж.Мейірбеков, Т.И.Коренева, М.Шабанбаев, Н.С.Никулаев, С.Зайнуллин, Ю.Светлов, Г.Ф.Малькова, Л.В.Петренко, Н.И.Гассан, В.В.Чеканова, Р.Х.Мукашева, М.Қ.Байденова.
Жетісу облысының мемлекеттік архивінің тарихын зерттей келсек Кеңес билігінің алғашқы жылдарында Талдықорған (Қапал) уезі бойынша Қапал және Гавриловка селоларында (ауылдарында) екі архив қызмет атқара бастады.
1926 жылдың 12 - маусымында Жетісу губерниялық атқару комитеті «Бірыңғай мемлекеттік архив қорына 1917 - 1921 жылдардағы архивтік деректерді қалыпқа келтіру және өткізу істері» атты циркулярлық хат жариялады.
Бұл хат губерния және уездің мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарына жолданды.
Хатта барлық құжаттарды Жетісу архивінің бюросына өткізілуі туралы кеңес берілген еді.
1926 жылдың желтоқсаны мен 1927 жылдың тамыз айларында екі мәрте «Уез архиві туралы Ереже» бекітілді.
1928 жылдың соңынан 1933 жылы желтоқсан айына дейінгі кезенде Жетісу губерниясының архив бюросы ҚАКСР (Қазақ Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасы) Орталықтандырылған өлкелік архив құрамында қызмет атқарды.
1933 жылы қазан айында Алматы облысында мемлекеттік архив құрылуына байланысты, Талдықорғанда аудандық атқару комитетінде 1935 жылы 9 - наурызда архив құрылды.
1944 жылдың 15 - наурызында Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Жарлығына сәйкес Талдықорған облысы құрылды.
Осыған орай 1944 жылы 1 - маусымында Талдықорған облысы бойынша Ішкі істер Халық комиссариатының басқармасы құрамына енетін архив бөлімі құрылды.
Ал 1946 жылдың ақпан айында архив бөлімінен Талдықорған облысының мемлекеттік архиві Талдықорған қаласында құрылды.
1946 жылы Халық Комиссариаты басқармасы Ішкі істер басқармасы болып өзгертілді.
1947 жылдан 1959 жылға дейін Талдықорған облысының архиві Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Ішкі істер басқармасына бағынды.
1959 жылдың 6 маусымы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Талдықорған облысы қысқартылып, облыстық архив - Алматы облысының мемлекеттік архивінің Талдықорған филиалы болып өзгертілді.
1960 жыл 19 - тамыз - архив мекемелері облыстық атқару комитетінің Халық депутаттары еңбекшілері Кеңесінің құрамына өтті.
1967 жыл 23 - желтоқсан - Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына сәйкес Талдықорған облысы қайта құрылып, 1968 жылы «Талдықорған облысы мемлекеттік архиві туралы Ереже» бекітіліп, қолданысқа енгізілді.
1991 жылы 4 қыркүйек - Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Президентінің Жарлығына сәйкес, Коммунистік партия архивінің ғимараты, мүлкі, мемлекеттік құжаттары облыстық мемлекеттік архивке өткізілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылы 22 сәуірдегі жарлығы негізінде, Талдықорған облысы қысқартылды.
1997 жыл 25 - тамыз - Алматы облысының әкімінің №8 - 331 шешіміне сәйкес Талдықорған мемлекеттік архиві Алматы облысының мемлекеттік архиві филиалы болып өзгертілді.
1997 жыл 12 - қараша - Алматы облысының Әкімінің № 11 - 429 шешіміне сәйкес Талдықорған мемлекеттік архиві деп аталды.
1999 жыл 18 - ақпан - Алматы облысының Әкімінің № 2 - 35 шешіміне сәйкес Алматы облысының мемлекеттік мұрағатының Талдықорған филиалы болып өзгертілді, бірақ 2003 жыл 15 шілдесінде Алматы облысы Әкімінің № 65 қаулысы және Алматы облысының мұрағаттары мен құжаттаманы басқару жөніндегі басқармасының № 14 бұйрығына сәйкес, 2003 жылы 30 - маусымынан «Талдықорған мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесі болып дербес түрде құрылды.
2013 жылғы 03 қыркүйектегі Алматы облысының әкімдігінің №256 қаулысымен «Талдықорған мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесінің атауын «Алматы облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Талдықорған мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп өзгертілді.
2016 жылғы 17 - мамырдағы Алматы облысы әкімінің №233 қаулысымен «Талдықорған мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.
2022 жылдың 19 қыркүйегінен «Талдықорған мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің атауы «Жетісу облысының мемлекеттік архиві» деп өзгертіліп, архив құрамына Алакөл, Ақсу, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарының, Текелі қалалық және Талдықорған жеке құрам бойынша филиалы кірді.
«Жетісу облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Жетісу өңіріндегі, яғни Талдықорған қаласы аумағындағы мекемелер мен ұйымдардың құжаттары сақталады.
Жетісу облысының архив мекемелерінің желісі 11 нысанды құрайды.
Жалпы штат саны 127 бірлікті құрайды.
Облыстық архив мекемелерінде жалпы 2 837 қор, 717 608 сақтау бірліктері сақталуда.
Архивтегі мемлекеттік сақтаудағы құжаттар 1850 - 1918 жылдардағы Жетісу өлкесіндегі шіркеулердің туу туралы акті жазбаларының кітаптарын Талдықорған қаласының, облыстық партия және комсомол ұйымдарының 1923 - 1991 жылдардағы құжаттары сақталуда. Бұл құжаттар бойынша мемлекеттік сақтауда 63 қор бойынша 82 187 іс бар. Құжаттар Жетісу өңіріндегі 20 - шы жалдардағы сан - қилы оқиғалар мен іс - шаралардан бастау алып, Кеңес үкіметінің құлауы мен Коммунистік партия мен комсомолдың тарауына дейінгі деректерден тұрады. Лепсі және Жаркент уездерінің 1918 - 1935 жылдар аралығындағы 10 мыңнан астам аса құнды құжаттары сақталуда.
Архив ісі саласындағы архивтік анықтамалар мен көшірмелер сұраған толассыз сұраныстар легі, архивтердің оқу залдарындағы зерттеушілердің санының өсуі архив жұмысының даму көрсеткіші.
Заман талабына сай «е-Архив» ақпараттық жүйесінде қызмет көрсету өте қолайлы.
Жетісу облысының мемлекеттік архиві сексен жылдай қызметі барысында Жетісу тарихының сан алуан қырларын қамтитын құжаттар мен материалдарды тұрақты және ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз етіп келеді. Жыл өткен сайын архив қоры еселеп артуда.
Облыстық архив қызметкерлері жұмыстан тыс, қоғамдық, мәдени және спорттық шараларға белсене қатысуда.
Жетісу облысының мемлекеттік архивінің бас директоры Гульжихан Истамбекова.